Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
07.06.2020

Қызметтер

«Қазақстандық ескек есу спорты қаламызда басталды»

Облыстың байдарка мен каноэде ескек есуден аға жаттықтырушысы Николай БОГАЧКИН (суретте) бізде қонақта болды.
Николай Николаевич Богачкин, 34 жаста, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 1999-2010 жылдар аралығында ҚР чемпионы, Азия және Азия ойындары чемпионы, жаттықтырушылық өтілі - 9 жыл, 2013 жылдың қыркүйегінен бастап облыстың аға жаттықтырушысы


ҚАШАН ДА ТАЗА АУАДА
- Қазақстандық ескек есу спорты өз бастауын осы Атыраудан алады. 1954 жылы қаламызға жолдамамен Днепропетровск дене шынықтыру институтының түлегі Владимир Светочев келді. Ол жас спортшыларды жинап, 1955 жылы Атырауда алғашқы ресми Қазақ ССР біріншілігі өтті. Кейіннен ескек есу спорты Алматыда, Шымкентте, Теміртау мен Өскеменде жақсы дами бастады. Ондаған жылға созылған жаттықтырушылық жұмысы кезінде В. Светочев 30-дан аса спорт шеберін және 8 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін дайындады.
Қазір ескек есу секциясы 13 спорт тобын біріктіреді және мұнда бес жаттықтырушының жетекшілігімен жүз елудей бала жаттығады. Ескек есу жүзу және шаңғы спорты сияқты циклдік спорт түріне жатады. Бұл спорт түрлері тыныс алу мен жүрек-қан тамырлары жүйесін дамытады. Жаттығулардың көпшілігі таза ауада өткізіледі және бұл демікпе мен туберкулездің алдын алу болып табылады. Қысқы уақытта балалар тренажер залында жаттығып, хоккей ойнайды, ашық суда жаттығу өткізіп, волейбол, футбол және баскетбол ойнайды.
- Спорттық карьераңыз туралы айтыңызшы.
- Мен ескек есумен айналыса бастаған 1995 жылы эллингтің маңында балалар толып жүретін. Менің алғашқы жаттықтырушым Флора Хабибовна Морунова болды, бір жылдан кейін мен Олег Анатольевич Закаблучныйға ауыстым. Сол кездегі турнирлерде әр жас ерекшелік тобында 3-тен 5-ке дейін алдын ала жарыстар болатын.
 2002 жылы Иранда өткен Азия чемпионатында, бұл менің алғашқы халықаралық жарысым еді, мен бір кісілік байдаркада 200 метрге есуде бірінші орын алдым. Сонымен қатар, белгілі атыраулық ескек есуші Ильфат Гатиятуллинмен бірге «екілікте» 1000 метр қашықтықта «алтын», 500 метрде «күміс», 200 метрлікте «қола» иелендік. Сол жылы Германияда өткен Әлем кубогында әр жақтан жинақталған байдарка «төрттік» экипажы (мен, теміртаулық Евгений Егоров, алматылық Евгений Алексеев және шымкенттік Сергей Сергин) 500 метр қашықтықта 6-орын алды. Кейінірек, сол жылы осы құраммен Пусанда өткен Азия Ойындарында «алтын» мен «күміс» иелендік.
ӘКЕ ЖОЛЫН ҚУҒАНДАР
- Сіздің кезіңіздегі ең әйгілі ескек есушілер туралы айтыңызшы.
- 90-жылдары ұзақ қашықтыққа есуде ең жүлдесі көп ескекші Андрей Сафарян болды. Ол – КСРО спорт шебері, 60 шақырымдық марафоннан ҚР чемпионы, Әлем кубогы, Азия чемпионатының жүлдегері, әлем чемпионатының он үздік спортшысы қатарына енді. Тағы бір даңқты спортшы – Азия ойындарының жүлдегері, екі дүркін Азия чемпионы, 1996 жылғы Атлантада өткен Олимпиадалық ойындардың қатысушысы Ильфат Гатиятуллин. Ол «бірлікте» өзі, «екілікте» Гатиятуллинмен жұп құрап, бірнеше рет ҚР чемпионы болған Нариман Рахимовпен бірге жаттығу жасады.
Бір кездері Сафарянмен бірге КСРО спорт шебері Владимир Иванцов өнер көрсетті. Ол бірнеше рет қысқа қашықтықта ҚР чемпионы атанды. 1996 жылғы Атланта Олимпиадасына бірден үш атыраулық ескекші - Сергей Сергеев, Андрей Сафарян және Ильфат Гатиятуллин қатысты. Үшеуі де жартылай финалға дейін келіп, ақтық сынға өте алмай, жүлдесіз қалды. Атлантадан кейін Сергеев Теміртауға көшіп кетті. Сондай-ақ, тарихымызда Еуропа чемпионы Дмитрий Савинді атап өткен жөн. Ол қазір марқұм болған Максим Бузбановтың шәкірті. Савин Канадаға көшіп кетті.
90-жылдардың аяғы мен 2000 жылдардың басы Атырау облысында, сондай-ақ, Қазақстан бойынша ескек есу спорты үшін қиын уақыт болды. Көптеген талантты балалар секцияларды тастап кетіп жатты, бірдеңе етіп күн көру керек болды, тек ұлттық құрама мүшелеріне ғана ақша төледі. Демеушілік көмек дейтін мүлдем жоқ еді. Алайда бұған қарамастан, Атырау байдарка мен каноэда есу құрамасының негізгі құрамы жаттығуды жалғастырып, республикалық және халықаралық жарыстарда жүлде алуларын жалғастырды.
Қазір жағдайымыз жақсарып келе жатқанын атап өткім келеді. Бюджеттік қаржыландыру тұрақталды. Эллингтің жанынан жаңа спорт мектебінің ғимараты салынды. Нәтиже де, болашағынан үміт күттіретін балалар да пайда болды. Осы саладағы ұрпақтар жалғастығы ерекше қуантады. Атырау облысы үшін 20 жыл бұрын тер төккен ескекшілердің балалары жаттығып жатыр. Атап айтсақ, Андрей Бакиров, Сергей Вашурин, Андрей Рябцев және т.б. Әзірге олардың үлкен жетістіктері жоқ, алайда бір-екі жылда жақсы нәтиже көрсетеді деп сенемін. Мен де спортта әкем Богачкин Николай Петровичтің жолын қудым.
- Шәкірттеріңіздің алдына қандай мақсаттар қойып отырсыз?
- Жаттықтырушылар құрамы мен ересектер және жастар командасының негізгі мақсаты – ҚР құрамасы сапында өнер көрсету. Оған тек ҚР чемпионатын ұтып қана кіре аласың. Маусымның аяғында Атырауда байдарка мен каноэда ескек есуден ҚР-нің IV Спартакиадасы өтеді. Осы турнирдің алдында облыс құрамасы сапына іріктеу жасаймыз. Атыраудың намысын ел чемпиондары Илья Шигаев пен Артем Заикин қорғайды, сондай-ақ, біз бұл жарыстарда жастар құрамын да сынап көрмекпіз.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

http://azh.kz/


Парақтағы соңғы өзгерістер: 15.06.2015 08:15

Мақаланың шыққан күні: 15.06.2015