Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
07.06.2020

Қызметтер

Боксшылардың күзгі марафоны

Осы күзде Атырау облысында бокстан жасөспірімдер арасында үш халықаралық турнир өтті. Бұл жарыстарда желтоқсан айында Оралда өтетін Қазақстанның аймақтық біріншілігіне қатысатын құрама мүшелері анықталды. Осы іріктеудің қалай өткендігі туралы облыстың жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Ерболат ДӘУЛЕТБАЕВ (суретте)әңгімелеп берді.

- Өзіңіздің жаттықтырушылық жолыңыз туралы айтыңызшы.
- 2010 жылы спорттық мансабымды аяқтадым. Авангардтағы №1 олимпиадалық резервтің балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып жасадым. 2013 жылы шәкіртім Асылхан Жиентаев Қазақстан чемпионы атанды. Осы жылдың басында Геолог ауылындағы 4-БЖСМ-ге жұмыс ауыстырып, облыстың жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы болып тағайындалдым.
Облыстық бокс федерациясының жасөспірімдер бойынша өз аға жаттықтырушысы бар. Ол – халықаралық дәрежедегі спорт шеберіЖандос Жұмабеков. Балаларды іріктеуді федерация жүргізеді. Жаттықтырушылар оннан аса спортқа қабілетті ауыл балаларын іріктеп алып, олардың «Інжу-Маржан» пансионатында жатып, жаттығу жасаулары үшін қаржы бөлді, сабақтарын жалғастыру үшін №20 орта мектепке орналастырды. Мен 4-БЖСМ-де бірнеше топ балаларды жаттықтырамын

 

«АЖ» анықтамасы:
Дәулетбаев Ерболат Мұратұлы, 30 жаста, бокстан ҚР спорт шебері, көптеген «А» дәрежелі халықаралық турнирлердің жеңімпазы, жаттықтырушылық өтілі - 4 жыл.
Күзгі жарыстарды біз бекерге өткізген жоқпыз. Шеберліктерін күшейткендерді немесе жазғы каникул кезінде жаттығу қарқынын төмендеткен балаларды анықтадық. Мақсат біреу – Қазақстанның аймақтық біріншілігіне баратын мықты құрамды анықтау. Сол жерде жүлделі орын алған спортшылар келесі жылдың қаңтар айында Шымкентте өтетін 1999-2000 ж.т. жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алады. ҚР чемпиондары 2015 жылдың ортасында Санкт-Петербургте өтетін әлем чемпионатына, ал, күміс жүлдегерлер Азия чемпионатына жол тартады. Алға қойған бағдарламамыз – әлем және Азия чемпионаттарына, жоқ дегенде, бір-бірден жолдама алу.
- Оған мүмкіндіктер бар ма?
- Бар.
-Шәкірттеріңіз күзгі турнирлерде қандай нәтижелер көрсетті?
- Алдымен «Атырау» ДСК-нде КСРО спорт шебері Қамбар Андашевты еске алуға арналған халықаралық турнир өтті. Ресейден, Өзбекстаннан және Қазақстанның көптеген облысынан боксшылар келді. Рингтегі айқастар өте тартысты өтті. Атыраулықтардан Мерей Құрманғазы, Расул Сатанов, Қазбек Сапенов және Сұңқар Тельманов«алтын» алса, - Әділет Өтеген – «күміс», Бекжасар Лұқпанов (екеуі де менің шәкіртім) «қола» жүлде алды.
Содан кейін Құлсары қала-сында Қазақ ССР спорт шебері Бауыржан Ибраевты еске алуға арналған турнир өтті. Жарысқа екі жүзден аса спортшы жиналды. Бұл жерде Жоламан Қаниев, Ермахан Дүйсенбеков және Шыңғыс Бәйтереков жеңімпаз атанды.
Бұл жарыстар күзде өткен ең басты турнир – Қазақстан әнұраны сөзінің авторы, ақын Жұмекен Нәжімеденовты еске алуға арналған турнирдің бастамасы ғана болды. Ақынға арналған турнир Ганюшкино ауылында өтті. Оған менің А.Жиентаев, Сұлтанбек Нұрбердиев, Асылхан Қайыржанов, Е.Дүйсенбеков, Б.Лұқпанов және А.Өтеген сияқты 6 шәкіртім қатысты. Жігіттерім бір алтын, бір күміс және екі қола медаль олжалады.
Осы турнирде финалға шыққан шыққан атыраулық балаларды атап өтейін, олар облыс құрамасы сапынан орын алды: Р.Сатанов, Бекет Абдулла, Нұрсат Зинолла, Е.Дүйсенбеков, Манас Ізберген, Абылай Бітімов, Еламан Рахметолла, Аян Хабиболлаев, Әділет Сағидолла, Данат Серікбаев, Аят Айтқалиев, Нұрлан Нұрманов, Б.Лұқпанов, Бауыржан Шәріп, А.Өтеген және С.Тельманов. Облыстық бокс федерациясына осы жарысты безендіріп, балалардың жатын орны мен тамағын ұйымдастырғаны үшін үлкен алғыс айтқым келеді. Өзбекстаннан, Ресейден, Шымкент, Арал, Қызылорда, Ақтөбе, Ақтау, Орал қалаларынан келген бар жаттықтырушылар риза болып кетті және келесі жылы да келеміз деген уәде берді.


Источник: http://azh.kz/


Парақтағы соңғы өзгерістер: 18.12.2014 06:23

Мақаланың шыққан күні: 18.12.2014