Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
07.06.2020

Қызметтер

Ксения Молоткова: «Семсерлесу - бұл қозғалыстағы шахмат»

Батырдың бес қаруының бірі – семсер... Мен мұны не үшін айтып тұрмын? Иә, қаламызда семсерлесу секциясы ашылды. Дәрістерді жас жаттықтырушы Ксения МОЛОТКОВА жүргізеді.

«ЕЛ ЧЕМПИОНЫН ТӘРБИЕЛЕП ЖАТЫРМЫН»
«АЖ» анықтамасы:
Молоткова Ксения Владимировна, 20 жаста, Қазақстанның спорт шебері, жаттықтырушылық өтілі - бір жыл.
- Мен семсерлесумен 2007 жылы Шымкентте ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Людмила Геннадьевна Смирнованың қол астында шұғылдана бастадым. Менің табыстарымды көрген тәжірибелі ұстаз маған Алматыдағы Қаркен Ахметов атындағы дарынды балаларға арналған интернатта оқуымды ұсынды. Сол жерде мені Алексей Борисович Песцов жаттықтыратын семсершілер тобына қосты. Оның жетекшілігімен мен 2010-2011 жылдары жеке есепте де, командалық есепте де екі рет Қазақстан чемпионы болдым.
Сондай-ақ, командамен бірге Өскеменде өткен Ер Жәнібек батыр атындағы халықаралық турнирде және Шымкентте болған спорт шебері Ольга Филинскаяны еске алуға арналған турнирде жеңімпаз атандым. 2011 жылы интернаттағы оқуымды аяқтап, Дене тәрбиесі және спорт академиясына түстім, қазір үшінші курста оқимын.
- Атырауға қалай келдіңіз?
- Менің дос қызым – мәнерлеп сырғанау жаттықтырушысы Кристина Прилепенко осында менен екі ай бұрын келді. Атырауда бірнеше ай жұмыс жасаған ол Қазақстан чемпионы Зарина Айтбайды тәрбиелеп шығарды. Біз интернатта бірге оқыдық, қазір Академияда оқимыз, арамыздан қыл өтпес доспыз. Мен оған қонаққа келіп, қалып қойдым...
Атырауда неге семсерлесу секциясын ашпасқа деп ойладым. Мұндай топ бұл жерде мүлдем болмаған. Сәуір айында жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, «Мұнайшы» спорт кешенінен залды жалға алып, автобус салондарына, интернетке жарнама шығардым. 20 шақты бала жинап алдым.
Бірде менің жаттығуыма орталық жүзу бассейнінен бір топ адам келді. Олар заманауи бессайыс тобының жігіттері екен, оларға семсерлесуден жаттықтыратын жаттықтырушы керек болып шықты. Олардың жаттықтырушылары Евгений Тебеньков мені бассейн басшылығымен таныстырды. Бассейн директоры Рашид Мусинге алғысым шексіз. Ол маған жаттығу өткізу үшін залды тегін ұсынды. Қазір мен жаттығуларымды «Мұнайшыда» және жүзу бассейнінің жаттығу залында өткіземін. Дәрістер тегін. Жақында бізде іріктеу жарыстары өтеді, балалардың нені үйренгендерін сол жерде көреміз.
- Алға қойған жоспарларыңыз қандай?
- Жоспар көп, ең маңыздысы – жақын әзірде семсерлесуден Қазақстан чемпионын дайындау.

СОЛАҚАЙЛАРДЫҢ БАСЫМДЫҒЫ
- Қылышпен семсерлесу де бар ғой...
- Иә, жарыстар рапира, семсер және қылыш түрінен өтеді. Үшеуі де олимпиадалық спорт түрлері. Қылышшыларда қаруларын қарсылас кеудесіне тигізсе жеткілікті. Ал, рапира мен семсерде денеге сұғып алу керек. Семсерлесуде дененің кез келген бөлігіне дарытуға болады. Мен семсерлесудің осы үш түрін де жақсы меңгергенмін.
- Алғашқы жарыстарыңыз қашан өтеді?
- Жақында біз Шымкент қаласына О. Филинская еске алуға арналған турнирге бармақпыз. Бес адам қатысамыз: мен, Лейла Сарниязова, апалы-сіңлілі Алтынай мен Асылай Базарғалилар және Әбдірахман Юсупов.
Қараша айында Алматыда өтетін кадеттер мен жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионатына бірінші рет қатысамыз. Лейла жүлдегерлер санатында болады деп қатты үміттенемін. Өйткені, бұл қыз – солақай, бұл семсерлесуде үлкен басымдық береді. Жалпы, менің Атырауда алғаш жинаған жиырма шәкіртімнің жартысы солақай еді. Өкінішке орай, олардың тек төртеуі ғана жаттығуларын жалғастырып жатыр. Оларды біздің спортымызда жарқын болашақ күтіп тұр деп ойлаймын.
Семсерлесу балаларды дамытуда үлкен маңызға ие, өйткені ол қозғалыс үйлесімділігін жақсартуға көмектеседі. Сонымен қатар, семсермен жай ғана соққы бағыттау ғана емес, дұрыс шешім қабылдау үшін ойлану керек, семсерлесуді «қозғалыстағы шахмат» деп бекер атамаған болар.
Біз өз сабақтарымызда қол буындарын нығайтуға арналған жаттығуларға үлкен мән береміз – эспандермен жаттығып, саусаққа күш түсіреміз. Атырауға келуге тағы бір тәжірибелі бапкер – қылыштасу шеберінің келісімін алдық.


Источник: http://azh.kz/

 


Парақтағы соңғы өзгерістер: 18.12.2014 05:18

Мақаланың шыққан күні: 18.12.2014