Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
30.05.2020

Қызметтер

Евгений Тебеньков: «Көпсайыс - әмбебап спорт»

 

Өткен жылдың қараша айында «Мұнайшы» орталық жүзу бассейнінің базасында заманауи көпсайыс секциясы ашылды. Балаларды алматылық жаттықтырушылар – ерлі-зайыпты Евгений және Наталья Тебеньковтар жаттықтырады.

Жылға толмайтын уақытта олардың бірнеше шәкірті Қазақстан чемпионы атанды. Біз әмбебап спортшылардың жетістіктері туралы Евгений ТЕБЕНЬКОВПЕН (суретте) әңгімелестік.

КӨНБІС ЖЫЛҚЫҒА ТАП БОЛУ МАҢЫЗДЫ

- Мен заманауи бессайыспен 14 жастан бастап айналыстым. Алғашқы жаттықтырушым ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Александр Варсанов болды. Кейіннен мені ел құрамасына алып, Юрий Тюриннен дәріс алдым. Бірнеше рет чемпион атанып, Қазақстан мен Қырғызстан Кубоктарының иегері, Азия ойындарының күміс және қола жүлдегері болдым.

-Атырауға жаңа келіп жатқан осы спорт түрі туралы айтыңызшы.

- Заманауи бессайыс жүгіруден, ату, семсерлесу, жүзу және ат спортынан тұрады. Яғни, бұл - әмбебап спортшылар спорты. Алғашқыда бағдарламада ату (пневматикалық мылтықпен 20 рет ату) мен үш шақырымға жүгіру бөлек жүргізілетін. Ал, қазір биатлондық жүйе енгізілді: атлет ату алаңына жүгіріп келіп, оған лазерлік тапаншамен бес рет атуға рұқсат беріледі. Семсерлесуде ереже сол күйінде – семсермен қарсыласыңды түйреуің керек. Жүзу – 200 метр. Ат спорты – 12 кедергіден өту қажет. Жылқы өзіңдікі емес. Спортшы арғымақпен өнер көрсету алдындағы жаттығу кезінде танысады. Қант беруге болады. Көнбіс жылқы тап келсе жақсы...

Мен спорттық мансабымды 2010 жылы аяқтадым. Спорт залдар дұрыс жарақталмаған, құрама мүшелерін де қамтамасыз ету төмен болды. Мен үлкен спорттан кеткеннен кейін республикалық федерация басшылығы ауысты, федерация президенті болып ҚР әділет министрі Берік Имашев тағайындалды. Бессайысқа үлкен қаржы құйылып, спортшылардың нәтижелері жақсарды. Бұл спорт түрінің Қазақстанда үлкен дәстүрі бар. 1996 жылы алматылық Александр Парыгин олимпиада чемпионы атанды. Қазір әлемнің үздік бессайысшыларының қатарына Павел Илюшенко, Андрей Солдатов және Рүстем Сабирхузин тұрақты кіріп жүр.

«ҚАЙТА ОРАЛУ КЕРЕКТІГІН ТҮСІНДІМ»

«АЖ» ДЕРЕККӨЗІ:

Евгений Сергеевич Тебеньков, 27 жаста, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жаттықтырушылық тәжірибесі – 4 жыл.

-Біздің өлкеге қалай келдіңіз?

- Алматыда жүзуден жаттықтырушы болып жұмыс жасадым. Бірде бессайысшылардың жарысына келіп, спортшы емес, жаттықтырушы болып қайта оралу керектігін түсіндім.

Қызылордада жұмыс жасадым. Сол жақта мені досым, Афины Олимпиадасына қатысқан Виталий Хан тауып алды. Ол «Мұнайшы» орталық жүзу бассейнінің директоры болып жұмыс істеді және маған бірге жұмыс жасау жөнінде ұсыныс берді. Осылайша, 2013 жылы қарашада мен осында келдім.

Жұбайым Наталья да – жаттықтырушы. Ол бессайысқа жеңіл атлетикадан келген. Спорт шебері, жеңіл атлетикадан көптеген халықаралық турнирлер жеңімпазы.

Біз мектептерді аралап, бір айда топ жинап алдық. Балаларды ұзақ үгіттеген жоқпыз. Атқа мініп, семсерлесуді үйренетінін білген соң бәрі жазыла бастады. Алайда, ең алдымен жүгіріп, жүзіп «физиканы» дамыту керектігін көрген соң, көбі кетіп қалды. Өткен жылдың аяғында Виталий жұмыстан кетіп, шәкірттерін жаттықтыра беруімді өтінді. Мен оларды өзіме алдым. Олар жүзуден жақсы нәтижелер көрсетіп жүрген еді.

2014 жылғы ақпанда біз алғаш рет Алматыға Қазақстанның Қысқы чемпионатына бардық. Жарыстар қоссайыс (жүгіру, жүзу) және үшсайыстан (жүгіру, ату, жүзу) өтті. Алғашқы қола жүлдені Фазыл Риферт әкелді. Ол бірінші рет атып тұр, ал, жүгіру мен жүзуден жақсы нәтижелер көрсетті. 11 жасар Ермұрат Нұрланов қоссайыстан чемпион атанды.

Осы жылы біз бірнеше рет жарыстарға барғанымызды айтқым келеді. Бұл жерде орталық жүзу бассейнінің директоры Рашид Мусиннің еңбегі зор. Ол балаларды жарыстар арқылы дамытуға қаржы үнемдемейді.

Облыс әкімінің орынбасары Ғұмар Дүйсембаевқада алғысымыз шексіз. Жақында біз облыстық заманауи бессайыс федерациясын құрдық, ол біздің бастамамызды қолдады. Облыстық спорт басқармасының басшысы Нұржан Ермұханов осы олимпиадалық спорт түрін қолдауға, құрал-жабдықтармен көмектесуге сөз берді. Наурыз айында біз Бішкекке халықаралық турнирге барып, үш «алтынға» ие болдық. Алексей Суслов, Юлия Агеева және Махамбет Сабыров көзге түсті.

Жазғы каникулда Қапшағай қаласына қоссайыстан Қазақстан чемпионатына бардық. Мықты спортшыларымыз демалып жатқан, іште қалған бар адаммен бардық. Сондықтан да Сергей Ивановтың «қоласына» қанағаттанып келдік.

Есесіне, қыркүйек айында Таразда өткен Қазақстанның Жазғы ойындарында сәтті өнер көрсеттік. Богдан Ибадуллаев 400 метрге жүгіру мен 50 метрге жүзуде бірінші болып келді. Қоссайыс пен үшсайыста Юлия Агеева екі алтын медаль алды. Даниэл Любимов«күміс» жүлдегер атанды. Жүгіруде бәрінің алдында келген, жүзуде сәл жетпей қалды – «алтын» алуға толық мүмкіндігі болды. Ернар Қадыржанов үшсайыста үшінші орын алды.

-Сіз бір сөзіңізде жарыстарға жүзу жаттықтырушыларының шәкірттерін сұрап аламын дедіңіз. Осы чемпиондардың қайсысы таза өзіңіздің шәкіртіңіз?

- Риферт пен Ибадуллаевты өзім дайындадым. Қазір Хан жаттықтырушылық жұмысқа қайта оралып, өз шәкірттерін алып кетті. Агеева бізбен бірге қалды. Қалғандары жаңадан келгендер.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Тамара СУХОМЛИНОВА

azh.kz


Парақтағы соңғы өзгерістер: 14.10.2014 10:39

Мақаланың шыққан күні: 14.10.2014