Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
11.08.2020

Қызметтер

18.09.2014 Зілдей ауыр темір

Осы жылдың басында Привокзальныйдағы 1-БЖСМ-нің ауыр атлетика залы толықтай қайта жасалды. Жаңа, заманауи нормативтерге жауап беретін тұғырмен жабдықталып, спорттыққұрал-жабдықтар сатып алынды. Облыс құрамасының басына халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 25 жастағы алматылық Тахир ХАЛМАТОВ тағайындалды. Облыстық ауыр атлетика федерациясы нәтижелер көп күттірмейді деп есептейді.

- Тахир, өзіңіз жайлы айтыңызшы.

 

-Ауыр атлетика секциясына мен алғаш рет 2002 жылы келдім. Төрт жылдан кейін Қазақстан чемпионатында жеңіске жетіп, ҚР спорт шебері нормативін орындадым. Каркен Ахметов атындағы республикалық олимпиада резерві мектеп-интернатында дәріс алдым. 11-сыныпта халықаралық дәрежедегі спорт шебері болдым.Ержас Болтаев(2 дүркін олимпиада чемпионы Илья Ильинніңжаттықтырушысы) пен Леонид Дегайжаттықтырушыларым болды. ҚР жастар және ересектер құрамасыныңқұрамына кірдім. 2008 жылы тіземнен жарақат алып, спорттық мансабымды аяқтауға тура келді.

Осыдан кейін бір жыл Нью-Йоркте тұрдым. Содан кейін Алматыға оралып, жаттықтырушы болып жұмыс жасадым. Екі жылдан кейін республикалық ауыр атлетика федерациясыныңұйғарымымен осында жұмыс жасауға келдім.

Тахир ХАЛМАТОВАлматыда жаттықтырушылық жұмыс жасаған кезімде Қазақстан чемпионы, Еуразиялық ойындар және ҚР Жастар спартакиадасының жүлдегеріАнастасия БУРОВАНЫтәрбиеледім. Қазір 17-де. Ол менімен бірге келіп, Привокзальныйдағы №24 мектепте оқып жатыр.

Сондай-ақ, менімен бірге тағы бір шәкіртім, 13 жасар Ноғайбек НҰРГЕЛДІкеліп, Атырау қаласының атынан жарыстарға қатысып жүр. Ол да - Жастар спартакиадасының жүлдегері. Төрт жылдан кейін мен оны әлемге ІІ жасөспірімдер арасындағы Олимпиадалық ойындар чемпионы ретінде танытқым келеді. Қазір ол 65 келіні серіппе көтеріп, 77 келіні жұлқа көтереді. Ол осы нәтижелермен 2015 жылы Қазақстан чемпионы атанады. Ол ауыр атлетикамен тек бір жылдан бері айналысып жүргенін айта кеткен жөн.

Ауыр атлетикада математика өте маңызды. Жылдар бойы жаттығып, жыл сайын бірер келі қосып отырсаң, жетістікке жетесің. Егер тоқтап қалсаң, орныңды еңбекқор басқа адамға босат.

- Атырау қаласыныңқандай кәсіпорны сіздерге қолдау көрсетеді?

- Біз облыстық ауыр атлетика федерациясына бағынамыз. Облыс құрамасына іліккен балалар жаттықтыру жиындарымен, тегін тамақ және спорттық киіммен қамтамасыз етіледі. Жаттығулар күніне екі рет болады. Қазір А. Бурова күніне бір рет жаттығу жасайды. Мен мектеп басшылығына жолығып, оны дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері сабақтан босатуды сұрамақпын.

Атырауда жас спортшыларды оқытатын, жаттықтыратын, тамақтандырып, демалыстарын ұйымдастыратын спорттық интернат жоқ. Бір жаманы осы.

- Қазір ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасында кімдер бар?

- Соңғы жылдары Қазақстан ауыр атлетикадан үлкен жетістіктерге жетті. Еліміз жүлде алу жағынан Қытай мен Ресейден кейін үшінші орын алады. Бұл жетістікке 2004 жылы елімізге жұмыс жасауға келген түрік жаттықтырушысы Энвер ТҮРКЕЛЕРИзор үлесін қосты. Ол мені де жаттықтырды. Ол құрама команданы күніне үш рет жаттығуға мәжбүрлейді. Оған дейін біз күніне бір рет жаттығатынбыз. Тек жауапты жарыстар алдында болатын жаттығу жиындарында күш сала жұмыс жасайтынбыз. Түркелери құрама команданы жылына он ай жаттығуға мәжбүрледі.

- Ильин Түркелери еңбегінің жемісі деп айта аламыз ба?

- Илья алғашқы кезекте Вилорий ПАКТЫҢшәкірті. Ол чемпионға бәрін үйретіп, әлемдік деңгейге көтерді. Ал, Түркелери дайын материалды қабылдап, Олимпиаданы ұтуға көмектесті. Илья Энвердің көмегінсіз-ақ бірнеше рет Азия чемпионы, Қазақстан рекордсмені атанды, өйткені, ол – вундеркинд.

-Ел құрамасында тағы кім жетістіктерге жетіп жүр?

- 94 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионатының жүлдегері Алмас Өтешеволжа салып жүр, өйткені, Илья 105 келіге дейінгі салмаққа көшті. 94 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы Владимир Седов та өнер көрсетеді.

- Соңғы жылдары көптеген шетелдік зілтеміршілерді өзімізге алып алдық, осыдан халық арасында Қазақстанның ауыр атлетикадағы жетістігі «сатылып алынған» деген әңгімелер де жоқ емес...

-Еліміз өз шәкірттерімен де осындай жетістіктерге жете алар еді. Біздіңқыз-жігіттерге легионерлерге жасағандай жағдай, гонорарлар және дәрумендер берсе, нәтиже міндетті түрде болады. Өз батырларымызға қаржы бөлмеді – «чемпионды қазір сатып алатын мүмкіндік болса, он жыл күтудіңқажеті не» деген қағидамен жұмыс жасайды.

Қазір Түркелери Текеліде өтіп жатқан Қазақстан құрамасының жаттығу жиынында жүр. Ол - ел құрамасының бас бапкері Алексей НИДІҢбірінші көмекшісі.

- Қалай ойлайсыз, 2016 жылы Рио-де-Жанейро қаласында өтетін Олимпиада ойындарында алдыңғы Олимпиададағылардай жетістіктерге жете аламыз ба?

-Құрама команда Лондон олимпиадасынан кем емес нәтижеге жетуді жоспарлап отыр.

-Жаңа есімдер бола ма?

- Болу керек. Жақсы жастар өсіп келе жатыр. Бұл Нанкинде болған І жасөспірімдер арасындағы Олимпиадалық ойындардыңқола жүлдегері Рүстем Сыбай, алматылық Жасұлан Қадырбаев(ол қазір Тараз атынан өнер көрсетіп жүр). Жасөспірімдер арасындағы Олимпиада чемпионы әзірбайжандық Ниджат Рагимовты Қазақстанға шақыру үшін келіссөздер жүріп жатыр. Мен өз шәкіртім Анастасия Бурованы 2020 жылғы Олимпиадаға дайындап жатырмын.

-Атырау ұнады ма?

- Қала өте әдемі, тез дамып жатыр, спортқа көп көңіл бөледі. Федерация бізге керемет жағдай жасады. Осы сәтті пайдаланып, Федерация президенті, «АМӨЗ» ЖШС бас директорының орынбасары Руслан ҚОЖАЛАҚОВҚАалғыс айтқым келеді. Біз жаттығу жасайтын орын Қазақстандағы еңүздік залдардың бірі деп айтсам, артық айтқаным болмас.

- Үздік атыраулық спортшыларды атаңызшы.

- Шынымды айтсам, Атырауда жұмыс жасаған кезімнен бері болашағы бар бірде-бір зілтемірші көрген жоқпын. Күн сайын іріктеу жүріп жатыр. Ауыр атлетикадан чемпион болу үшін еңбексүйгіштік пен табиғи дене бітімің аздықетеді. Маған өкпелейді. Мен шынымды айтайын, жергілікті жаттықтырушылардың тәжірибесі жоқ. Мен өзімнің жаттықтырушы екенімді дәлелдеу үшін екі жыл залдан шыққан жоқпын. Мен осы жеңіске жетуге деген құштарлығымды шәкірттерімнің бойына сіңіргім келеді.

Біз Авангардтағы мектеп-интернат басшылығымен келіссөз жүргіздік. Интернатта 76 бала бар, жартысынан көбі – ер балалар. Келесі аптада сол жаққа барып, қатысқылары келетіндерді таңдап аламыз. Мен бірнеше жыл бойы облыс намысын республикалық жарыстарда лайықты қорғай алатын бес ер баланы іріктеп алғым келеді.

Осы жылдыңқазан айында қала чемпионаты өтетін болады. Сол жерде кімнің кім екені танылатын болады. Келесі жазда біз команданы Қазақстан чемпионатына дайындауымыз керек. Әдемі көзіне қарап облыс құрамасына ешкімді алмаймыз. Бұл – құрыштай темір спорт!

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Тамара СУХОМЛИНОВА және Қанат ЕЛЕУОВ

http://azh.kz/


Парақтағы соңғы өзгерістер: 18.09.2014 14:33

Мақаланың шыққан күні: 18.09.2014