Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
07.06.2020

Қызметтер

Жекпе-жек - батырлар мұрасы

Өткен демалыс күндері «Мұнайшы» спорт кешенінде облыстық жекпе-жек федерациясының алғашқы жаттықтырушысы, джиу-джитсудан спорт шебері Руслан Айдаралиевті еске алуға арналған Қазақстан чемпионаты өтті.

Екі күн ішінде сегіз бұрышты алаңда барлық облыстан келген екі жүзге тарта жекпе-жек шебері күш сынасты. Сенбі күні өткен алдын ала айналымда айқастардың көбі нокаутпен аяқталды. Финалдық кезеңде рефери айқастарды белгілі бір спортшының айқын басымдығына байланысты уақытынан бұрын тоқтатып отырды. Төрешілердің қырағылығының арқасында төбелесушілер арасында қатты жарақаттанғандар болған жоқ.

 

Облысымыз чемпионатқа түрлі жекпе-жек федерациялары шәкірттерінен құралған бір құрама команда шығарды. Жарыс қорытындысында Атырау облысы жекпе-жек федерациясының өкілдері 1-орын, Маңғыстау облысы 2-орын алса, Алматы облысы 3-орынға табан тіреді.

Атыраулық батырлардың арасынан чемпион болғандар: 55 келіге дейін – Алпамыс Адиятов, 65 келіге дейін – Нұрберген Шарипов, 70 келіге дейін – Архат Мыңбаев(барлығы жекпе-жектен), 75 келіге дейін –Исатай Теміров (ММА), 85 келіге дейін –Дамир Ермеков (пакратион), 90 келіге дейін – Амангелді Бекқалиев (жекпе-жек).Күміс жүлдегерлер: 65 келіге дейін – Абылай Төлеш (панкратион), 70 келіге дейін –Азамат Каштенбай (джиу-джитсу), 80 келіге дейін – Жасұлан Қасымов (жекпе-жек), 90 келіден жоғары – Арғын Сабыров (джиу-джитсу). «Қола»: 55 келіге дейін – Талғат Жұмағалиев және 90 келіге дейін – Ақылбек Құсанғалиев (екеуі де - джиу-джитсу).

Облыстық жекпе-жек федерациясының президенті Асқар ҮМБЕТОВ: «Біздің федерация бір жыл бұрын құрылса да, спортшыларымызды жұрттың бәрі таниды. Өткен жылы А. Адиятов Қазақстан чемпионы болса, Ермек Есекенов, А. Мыңбаев және Ж. Хасимов жүлдегер атанды. Сол жылдың маусым айында Бурабайда өткен халықаралық турнирде А. Мыңбаев жеңімпаз болды. Биыл А. Мыңбаев, А. Адиятов үшеуміз Тайландта өткен аралас жекпе-жектер бойынша жаттығу жиынына қатысып келдік. Қазір спортшыларымыз қыркүйекте Петропавловскіде өтетін «Қазақстан құрамасы - әлем құрамасы» мықтыларының жекпе-жек турниріне дайындалып жатыр».

ҚР жекпе-жек федерациясының негізін салушы және президенті Сабыржан МАХМЕТОВ(суретте) былай дейді: «Мен - КСРО-да және Қазақстанда кикбоксинг пен ушу-саньданың негізін салушылардың бірімін, алайда жекпе-жектің негізін салған мен емес. Жекпе-жек – бұл біздің ұлы ата-бабаларымыздың әскери өнері. Біз оны тек спорт түрі ретінде жандандырып жатырмыз.

«Ережесіз жекпе-жек» деп жатады. Алайда ережесіз айқас болмайды, міндетті түрде шектеулер бар. Ал, жекпе-жекте барлық әдістерді қолдануға рұқсат беріледі. Аяқпен де, қолмен де, жатып та, тұрып та соғуға болады. Біздің мақсатымыз – ата-бабаларымыздың тек ат үстінде емес, жаяу жүріп те жекпе-жек өнерін жақсы меңгергенін көрсету. Спорт түрінде тіркелгенімізге қазір екі жыл болды. Жекпе-жектің бүкіләлемдік қауымдастығы бар. Біздің ұранымыз: «Бірге болсақ, бізді еш жау ала алмайды». Егер біздің спортшыға парашютпен секіруді үйретсе, дайын арнайы жасақ жауынгері болып шығады.

Бұл жарысқа атыраулық команда жақсы дайындықпен келген. 6 алтын жүлде неге тұрады! Биыл біз Азия кубогын және шетелдік шеберлердің қатысуымен халықаралық үлкен турнир өткізгіміз келеді. Келесі жылы біз жекпе-жектен алғашқы әлем чемпионатын өткіземіз. Сонда біздің батырларды іс жүзінде көретін боласыздар. Ата-бабаларымыздың әскери өнері туралы бүкіл әлем білу керек…».

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

http://azh.kz/

 


Парақтағы соңғы өзгерістер: 10.09.2014 12:03

Мақаланың шыққан күні: 10.09.2014