Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
31.05.2020

Қызметтер

«Ол үнемі өзінен күштілермен күреседі»

2014 жылғы 3 шілдедегі «Дене шынықтыру және спорт туралы» ҚР Заңының 46-48-баптары Олимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлеріне өмір бойы материалдық қамтамасыз ету және жеке меншікке тұрғын үй құқығын ұсынады. Бірақ бұл норма Нанкиндегі І Жазғы Жасөспірімдер Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Евгений ПОЛИВАДОВ (суретте) пен басқа жасөспірімдерге қолданылмайды. Аталмыш жеңілдіктер тек ересектер арасындағы Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлеріне қатысты қолданылады. Бұл туралы облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұржан ЕРМҰХАНОВ хабарлады.

 

Евгенийді әкесі Александр ПОЛИВАДОВ (суретте сол жақта) жаттықтырады. Біз екеуін облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының отырысы өтіп жатқан Атырау МӨЗ-інің кеңсесінде кездестірдік («АМӨЗ» ЖШС бас директоры Қайрат ОРАЗБАЕВ федерация президенті болып табылады). Облыстық спорт хабарламасы Женяны еш жабырқатпады. Ол Оразбаевтың қолынан  200 мың теңге салынған конверт алған еді. Біз олимпиадашымен және оның әкесімен тілдескен болатынбыз.

- Александр, өзіңіздің бапкерлік мансабыңыз туралы айтсаңыз?

- Грек-рим күресі — өмірімнің мәні. Жас кезімде жастар мен ересектер құрамында түрлі сайыстарда облыстың намысын қорғадым. 1987 жылы бапкерлік істі қолға алдым. Әскери борышымды өтегеннен кейін спорттан кеттім. Алайда, 2005 жылы қайтадан спорт тәлімгері болдым.

Менің шәкірттерім - Азия чемпионатының күміс жүлдегері Мейрамбек Тұрғалиев, жастар арасында және 23 жасқа дейінгі ерлер арасында Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері Нұрлан Мұқанов, ҚР спорт шебері Эдуард Дурманов пен Бағытжан Ізжанов. 2008 жылы Мейрамбектің табысты өнерінің арқасында маған жоғарғы бапкерлік санат берді. Бапкерлік санат 5 жылға беріледі. Өткен жылы бұрынғы жоғарғы санат мерзімі өткен еді, ағымдағы жылдың мамырында Азия чемпионатында ұлым «алтын» алып, санат мерзімін тағы бесжылдыққа ұзартты.

- Женя спортқа алғашқы қадамды қай жаста жасады?

- Барлық әкеде де осылай болған шығар. Баламды тастайтын үйде ешкім болмады, сондықтан оны жұмысыма бірге ертіп кетіп жүрдім. Кішкентайынан Женя күресшілер ортасында өсті. Мен оған аса бір көңіл бөлген жоқпын. Ол өзінен үлкен балалармен үнемі кілем үстінде күресетін. Мен оны мақтаныш тұтамын. Түсінетін шығарсыз...

- Теледидардан ұлыңыздың жекпе жегін көрген кезде қандай сезімде боласыз?

- Мұны суреттеп жеткізу мүмкін емес. Мен толқимын және спорттық долылықты бастан кешемін. Өзім күресіп жатқандай қолдарымды сермелеймін. Бұл - сондай рахат сезім. Өйткені, әдетте, Женя жеңіске жетеді. Осындай сезімді бастан өткергің келе ме? Балаңды грек-рим күресіне бер!

- Женяның алдына қандай кезекті мақсат қойып отырсыз?

- Негізгі мақсат – ересектер арасындағы Әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарында жеңіске жету. Ол үшін сәл демалыстан соң салмақты 76-дан 84 келіге дейін көтеру керек. осы салмақ бойынша бүкіл бақталастарды білеміз. Женя олармен күш сынасып, көпшілігін ұтқан болатын...

- Ал Женяның анасы оның өз өмірін спортпен байланыстырғанына қалай қарады?

- Ирина Анатольевна Олимпиада өтіп жатқан кезде қатты абыржыды, ұлы өнер көрсеткен кезде қуанды. Шамасы, ол тек Женяның жеңісіне ғана емес, ұзаққа созылған жиындар мен турнирлерден тұратын процестің аяқталғанына, кешікпей ұлын құшағына алатындығына қуанған шығар. Өйткені, ол бала кезінен турнирлер көрші қалада өтетін болса, онымен бірге бүкіл турнирлерге барып жүрді. Ол - ұлымның нағыз жанкүйері.

- Женя зақым алып көрді ме?

- Спортта зақым алмайтын спортшы болмайды. Оның үстіне, халықаралық сайыстарда алқа үшін күрессең, соған дайын боласын. Мамыр айында Азия чемпионатында Женя алған зақымымен күресті. Оның білезік сүйегі сынған еді. Бір жарым ай гипспен жүрді. Ал Олимпиада алдында жаттығу кезінде құлағын сындырып алды. Грек-рим стилінің палуандары сынған құлақты зақым деп есептемейді. Бұл күрекпен жер қазғанда алақанда пайда болған күс секілді.

- Евгений, келесі жекпе-жекке қашан шығасың, кімге сенім артасың?

- Өзіме және Құдайға.

- Нанкинде қалай күрескеніңді айтып берсең?

- Алғашқы тіресті мысырлық спортшымен өткіздім. Ол - Африка чемпионы, мен қатыспаған биылғы жылдың әлем чемпионының қола жүлдегері болатын. Өте ширақ спортшы. Бірақ қателіктер жіберіп, мен оны екі рет ұстап алдым. Екі рет асыра лақтырып, жоғарғы баға – 8 ұпайды алдым да, жеңіске жеттім.

Содан соң өзбекпен жекпе-жекке шықтым. Ол да құрметке лайық бәсекелес еді. Мен онымен биылғы жылы Азия чемпионатының финалында кездестім. Ол реванш алуға ұмтылды. Бірақ мен оған мүмкіндік бермедім. 4:0 есебімен ұттым.

Келесі жартылай финалда әлем чемпионатының қола жүлдегері, Еуропа чемпионы әзірбайжандық спортшымен ауыр айқас болды. Мен оған 0:2 есебімен жеңіс бердім. Бұл - күрес. Оның қалай боларын болжап білмейсің. Ал, менің бәсекелесім өте жақсы дайындалып, Олимпиада чемпионы болды. Мен, әрине, жеңіске жетуге мүмкіндігім болғанына аздап қынжыламын...

«Қола» үшін жекпе-жекте неміспен айқасқа шықтым. Ол жыл сайын Түркияда өтетін және шағын әлем чемпионаты деп аталатын беделді халықаралық турнирдің жеңімпазы болатын. Биыл мен оған қатысқан едім, бірақ алдын ала күресу кезінде ұтылып қалдым. Мен бұл спортшыны 4:0 есебімен ұтып, үшінші орынды иелендім.

- Енді алдыңа қандай мақсат қоясың?

- Ересектер арасындағы Олимпиадада медаль алу.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

http://azh.kz/

 


Парақтағы соңғы өзгерістер: 12.09.2014 17:49

Мақаланың шыққан күні: 12.09.2014