Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
31.05.2020

Қызметтер

ӘБІЛМАНСҰР БАТЫРҒАЛИ, КАРАТЕ: ЖАСӨСПІРІМДЕР ОЛИМПИАДАСЫ ҮЛКЕН ЖАРЫСТАРҒА ЖОЛДАМА БЕРЕТІН СЫН

ӘБІЛМАНСҰР БАТЫРҒАЛИ, КАРАТЕ: ЖАСӨСПІРІМДЕР ОЛИМПИАДАСЫ ҮЛКЕН ЖАРЫСТАРҒА ЖОЛДАМА БЕРЕТІН СЫН6 қазан күні Аргентина астанасы Буэнос-Айресте өтетін Жасөспірімдер Олимпиадасына атыраулық каратеші Әбілмансұр Батырғали да қатысады. Олимпиада ойындарына мерзімінен бұрын жолдама жеңіп алған ол Аргентинаға жүлдеге үміткер спортшы ретінде аттанбақ. Себебі, Әбілмансұр өз салмағында үздіктер қатарында тұр.

Olympic.kz сайтына шағын сұхбат берген спортшы дүбірлі дода алдындағы дайындығы туралы айтып берді.

- Олимпиада жолдамасына иелік еткен соң, тынбай дайындалдым. Жаттығу жұмыстарын үзген емеспін. Соңғы екі аптада Шымкент қаласында жаттықтым. Таңнан кешке дейін залда шынықсам, кешкісін және демалыс күндері саябақта жүгірумен болдым. Олимпиада ойындары спортшының өмірінде қайта-қайта бола бермейді. Сол себепті, ең маңызды бәсекеге бар күшімді саламын, - дейді Әбілмансұр.

Қазақ спортшысы әлемдік рейтингте 2-ші орында тұр. Ол қаңтардан маусым айына дейін өткізілген рейтингілік турнирлерде топ жарып, жүлдегер атанды.

- Алдымен Испанияда өткен әлемдік сында үздік бестікке ендім. Кейін Жапонияда өткен Азия чемпионатында топ жарып, рейтингте бірден екінші орынға көтерілдім. Олимпиада басталғанға дейін осы орнымды сақтап тұрмын. Әзірге, менің алдымды италиялық спортшы ғана орап тұр, - дейді ол.

Әбілмансұрдың айтуынша, Жасөспірімдер Олимпиадасына осал спортшы қатыспайды. Жүлдеге бәрінің де таласы бар.

- Барлық қарсыласым да медальдан үмітті. Менің де жүлде алсам деген үлкен арманым бар. Бүкіл әлем көз тіккен сында елімнің намысын абыроймен қорғауға тырысамын. Жасөспірімдер Олимпиадасы жас спортшылардың үлкен спорттағы тұсауын кесетін дода. Осында үлкен Олимпиаданың болашақ жеңімпаздары жүр. Сондықтан, бұл ойынның жас спортшылар үшін пайдасы орасан зор, - деді жас каратеші.

ӘБІЛМАНСҰР БАТЫРҒАЛИ, КАРАТЕ: ЖАСӨСПІРІМДЕР ОЛИМПИАДАСЫ ҮЛКЕН ЖАРЫСТАРҒА ЖОЛДАМА БЕРЕТІН СЫН

Парақтағы соңғы өзгерістер: 02.10.2018 04:48

Мақаланың шыққан күні: 02.10.2018