Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
07.06.2020

Қызметтер

Атырау облысының ауылдық жеріне жұмысқа жiберiлген медицина қызметкерлерiне әлеуметтiк қолдау көрсету тәртiбi

Осы тәртіп 2009 жылғы 18 қыркүйектегі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінің, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының негізінде әзірленді және ауылдық жерге жұмысқа жіберілген медицина қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсету шараларын қабылдау шеңберінде, сондай-ақ әлеуметтік қолдау қаржыландыру мен төлем жасау шарттары мен тәртібін айқындайды.

1. Негiзгi ұғымдар

1) әлеуметтiк қолдау көрсету жөнiндегi уәкiлеттi орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) – Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасы;

2) жұмыс берушi – медицина және фармацевтика қызметкерiмен жеке еңбек шартын жасасқан тиісті бюджеттен қаржыландырылатын денсаулық сақтау ұйымы;

3) ауылдық жерге жұмысқа жіберілген медициналық және фармацевтикалық қызметкерлер (бұдан әрі-қызметкерлер) – кәсіптік медициналық білімі бар және медициналық қызметті жүзеге асыратын, ауылдық жерге уәкілетті орган жұмысқа жіберген жеке тұлғалар.

 2. Жалпы ережелер

 1. Жұмыс берушiмен жеке еңбек шарты жасалған күннен бастап алғашқы бес жыл iшiнде еңбек мiндеттерiн орындап жүрген жас маман және шақыртылған қызметкер әлеуметтiк көмек алу құқығына ие болады.

Осы бес жылдық мезгiлде қызметкердiң бала күтуге байланысты еңбек ақысы сақталмайтын демалыста болған уақыты, сондай-ақ уақытша еңбекке жарамсыздық туралы парақпен куәландырылған екi айдан аса еңбекке жарамсыздық кезеңi кiрмейдi.

Моно қала болып есептелетін аумақта орналасқан поселкелерде тұратын және жұмыс істейтін медицина қызметкерлеріне де әлеуметтік қолдау көрсетіледі.

2. Қала аумағында орналасқан поселкелерде тұратын және жұмыс iстейтiн медицина және фармацевтика қызметкерлерiне әлеуметтiк қолдау көрсетiлмейдi.

3. Қызметкерге әлеуметтiк қолдау көрсету облыстық бюджеттiң қаражаты есебiнен iске асырылады.

 3. Әлеуметтiк қолдау шараларын қабылдау тәртiбi

 4. Уәкiлеттi орган денсаулық сақтау ұйымдарын кадрлық қамтамасыз ету мақсатында:

1) ауылдық жерлер үшiн жекелеген мамандықтар бойынша медицина кадрларына деген сұранысқа жыл сайын талдау жасайды;

2) медицина және фармацевтика қызметкерiнiң өтiнiштерiн, олардың бiлiктiлiгiн, жұмыс орны бойынша тұрғын үйге деген мұқтаждығын растайтын құжаттарын қабылдайды;

3) әлеуметтiк қолдауға мұқтаж қызметкерлердiң тiзiмiн жасайды;

4) ауылдық жерге жұмысқа жiберiлген қызметкерлерге әлеуметтiк қолдау көрсету мәселелерi бойынша түсiндiру жұмыстарын жүргiзедi.

5. Уәкiлеттi органның жолдамасымен, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексiнiң талаптарына сәйкес жұмыс берушi қызметкермен еңбек шартын жасайды.

6. Уәкiлеттi орган өндiрiстiк қажеттiлiкке байланысты қызметкердi ауылдық жердегi бiр медицина ұйымынан басқа ауылдық жердегi медициналық ұйымына ауыстыру туралы шешiм қабылдаған жағдайда, қызметкердiң әлеуметтiк көмек алу құқығы сақталады.

Мұндай жағдайда басқа ауылдық жердегі медициналық ұйымға ауысқаны үшін әлеуметтік қолдау қайта көрсетілмейді.

7. Еңбек шарты мерзiмiнен бұрын бұзылған жағдайда уәкiлеттi орган алдын жіберілген қаржыны қайтаруға шаралар қабылдау құқығы бар. Бұл ретте жұмыс беруші уәкілетті органға жазбаша өтініш беру жолымен Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларымен белгiленген тәртiппен қаржы ұйымындағы қызметкердiң есеп шотына бұрын аударылған бюджет қаржысын облыстық бюджеттiң кiрiсiне қайтару бойынша шаралар қолданады.

8. Қызметкердiң тарапынан мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз ету мақсатында жұмыс беруші, қызметкер және уәкілетті орган арасында шарт жасалады, онда қызметкердiң уәкілетті орган есеп шотына бұрын аударылған бюджет қаржысын облыс бюджетiнiң кiрiсiне қайтару механизмi қарастырылады.

9. Жұмыс берушi қызметкердiң әлеуметтiк көмек алу құқығынан айырылған уақыттан бастап 10 күннен кешiктiрмей (жұмысшымен еңбек шартын бұзу) уәкiлеттi органға хабарлауға мiндеттi.

 4. Әлеуметтiк қолдау шеңберiнде қаржыландыру және төлеу тәртiбi

10. Уәкiлеттi орган әлеуметтiк қолдау көрсету ретінде ауылдық жерге жұмысқа жiберiлген медицина және фармацевтика қызметкерлерiне 400 АЕК теңге көлемінде қаржыландыруды iске асырады.

11. Осы Тәртiптiң орындалуын бақылауды уәкiлеттi орган iске асырады.


Парақтағы соңғы өзгерістер: 21.11.2019 08:47

Мақаланың шыққан күні: 11.07.2018